Ұлы тұлғаға ұлағаттық жарасқан
Тылсым тарихын балбал тастарға мүсіндеген киелі Маңғыстау топырағында дүниеге келген, шығармасы «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы бойынша «Жыл кітабы» ретінде таңдалған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаевтың туылғанына 80 жыл толуына орай, «Аңыздың ақыры» романы бойынша ұйымдастырылған «Аңыздың ақыры – махаббат хикаяты» атты оқырмандар конференциясы өтті. Конференцияға 9 -сынып оқушылары және мұғалімдері қатысты. Кітапхана қызметкерлері жазушының өмірбаяны мен шығармашылығымен таныстырып өтті.
Әбіш Кекілбаев – ең алдымен үлкен жазушы.Оның өмір мақсаты да, тілек арманы да жазушылық мұратымен ұштасып жатыр. Әдебиетке Әбіш алғаш ақын болып келді. Өлеңдер жинағымен келді.Алғашқы өлеңдері 1962 жылы «Алтын шуақ» атты жинақ болып басылған. Осы орайда, мектебіміздің оқушылары Ә. Кекілбаевтың өз қаламынан шыққан өлең жолдарын оқыды.
Әбіш Кекілбаев – адам жанының шындығын танудың алуан түрлі тәсілін шеберлікпен игерген жазушы. Оның кейіпкерлері қарапайым адамдар болғанымен, олардың өзіне тән өмірі,тағдыры, мінез – құлқы бар. Жазушы олардың жан дүниесінің тереңіне барады. Кейіпкерінің жеке басындағы түрлі сезім иірімін сипаттай отырып, олардың іс – әрекетіне баға береді. Жазушы кейіпкерінің ішкі толғанысын, жан күйзелісін, жүрек тебіренісін қара сөз құдіреті арқылы толғап жеткізеді.
Конференция соңында кітапхана қызметкерлері кітап көрмесіне қойылған. Әбіш Кекілбаевтың кітаптары мен шығармаларына библиографиялық шолу жасап, таныстырды.



