2025–2026 ОҚУ ЖЫЛЫ МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫНЫҢ БАЯНДАМАСЫ
Құрметті әріптестер және ата-аналар!
2025–2026 оқу жылы Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы нормативтік-құқықтық құжаттары мен мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттары негізінде жүзеге асырылды. Оқу жылы барысында мектеп ұжымы білім сапасын арттыру, оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту, ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарға негізделген тәрбие беру, педагогтердің кәсіби шеберлігін жетілдіру және дарынды балаларды қолдау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізді.
Бүгінгі таңда мектепте білім беру процесін ұйымдастыру үшін қажетті кадрлық және әдістемелік жағдайлар жасалған. Мектептің негізгі мақсаты – қауіпсіз және қолайлы білім беру ортасын қамтамасыз ету арқылы функционалдық сауаттылығы жоғары, бәсекеге қабілетті, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген тұлға қалыптастыру.
Кадрлық әлеует
2025–2026 оқу жылында мектепте барлығы 134 педагог қызмет атқарды. Оның ішінде 130 педагог жоғары білімді, 4 педагог арнаулы орта білімді. Жоғары білімді мұғалімдердің үлесі 97 пайызды құрады.
Педагогтердің сапалық құрамын талдау нәтижесі бойынша:
- педагог-зерттеуші – 27 мұғалім;
- педагог-сарапшы – 44 мұғалім;
- педагог-модератор – 35 мұғалім;
- педагог – 28 мұғалім.
Педагогтердің сапалық құрам үлесі 53 пайызды құрап отыр.
Мектепте 16 педагог магистр академиялық дәрежесіне ие. Бұл жалпы педагогтердің 11,9 пайызын құрайды. Өткен оқу жылымен салыстырғанда бұл көрсеткіш өскен.
Педагогтердің еңбек өтілі бойынша құрамына талдау жасалғанда ұжымның тәжірибелі және жас мамандар арасындағы тепе-теңдігі сақталғаны байқалады. 10 жылға дейінгі еңбек өтілі бар педагогтер – 39 %, ал 10 жылдан жоғары еңбек өтілі бар тәжірибелі мұғалімдер – 61% . Бұл өз кезегінде жас мамандарға тәлімгерлік көрсетуге және педагогикалық тәжірибенің сабақтастығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жас мамандармен жұмыс
Оқу жылында мектепте 13 жас маман жұмыс атқарды. Жас мамандарға тәжірибелі ұстаздардан тәлімгерлер бекітіліп, олардың кәсіби бейімделуіне жағдай жасалды.
Жыл бойы жас мамандар үшін:
- ашық сабақтар;
- коучингтер;
- әдістемелік семинарлар;
- тәжірибе алмасу алаңдары;
- тәлімгерлік кездесулер ұйымдастырылды.
Нәтижесінде жас педагогтердің сабақ беру сапасы жақсарып, мектептің қоғамдық және әдістемелік жұмыстарына белсенді қатысуы артты.
Педагогтердің кәсіби дамуы
Мектеп әкімшілігі педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттыруға ерекше назар аударды. Мұғалімдер «Өрлеу» БАҰО, Педагогикалық шеберлік орталығы және басқа да білім беру ұйымдары ұйымдастырған біліктілікті арттыру курстарына қатысты.
Жалпы барлық педагогтер пәндік курстардан өткен. Сонымен қатар қысқа мерзімді курстар, инклюзивті білім беру, эмоционалдық интеллект, зорлық-зомбылықтың алдын алу, цифрлық технологияларды қолдану бағытындағы оқыту курстарына қатысты.
Аттестаттау жұмыстары жоспарлы түрде жүргізілді. Мұғалімдердің кәсіби санаттарын арттыру бойынша жүйелі жұмыстар атқарылып, педагогтердің кәсіби өсуіне қолдау көрсетілді.
Білім сапасы
2025–2026 оқу жылында мектептің басты міндеттерінің бірі білім сапасын арттыру болды. Осы бағытта пән мұғалімдерімен жүйелі жұмыстар жүргізіліп, білім алушылардың оқу жетістіктеріне тұрақты мониторинг жасалды, білімдегі олқылықтардың орнын толықтыру және оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту жұмыстары ұйымдастырылды.
2025- 2026 оқу жылын 1-11 сыныптар бойынша 1374 білім алушы аяқтады, оның ішінде
1-4 сыныптар- 401, 5-9 сыныптар 711, 10-11 сыныптар -138. 7 білім алушылар үйде оқытылды. 1-4 сыныпта -4, 5-9 сыныпта -3. Білім сапасы 65,2 %, үлгерім 100% құрады. Жылдық қорытындыға сәйкес үздіктер саны-139, екпінділер саны -676 құрады.
Білім сапасының нәтижесін 3 жылмен салыстырғанда көрсеткіш:

Үш жылдық салыстырмалы талдау нәтижесінде мектеп бойынша үлгерім көрсеткіші тұрақты түрде 100 пайызды құрады. Білім сапасы көрсеткіші де жыл сайын өсіп, 2023–2024 оқу жылындағы 60 пайыздан 2025–2026 оқу жылында 65,2 пайызға жетті. Бұл өткен оқу жылымен салыстырғанда 1,2 пайызға жоғары көрсеткіш.
Сыныптар деңгейіндегі көрсеткіштерді талдау барысында негізгі буын мен жоғары буында оң динамика байқалады. Атап айтқанда, 5–9 сыныптар бойынша білім сапасы 61 пайыздан 64 пайызға өсіп, 3 пайыздық өсім көрсетті. 10–11 сыныптарда білім сапасы 62 пайыздан 67 пайызға дейін артып, 5 пайыздық өсімге қол жеткізілді. Бұл мұғалімдердің мақсатты жұмысы мен білім алушылардың оқу мотивациясының артуының нәтижесі.
Бастауыш буында білім сапасы 70 пайыздан 67 пайызға төмендегенімен, бұл көрсеткішке жекелеген сыныптардағы білім алушылар құрамының өзгеруі мен бағалау нәтижелерінің нақты саралануы әсер етті. Осы бағытта келесі оқу жылында білім сапасын көтеру бойынша қосымша жұмыстар жоспарлануда.
2025-2026 оқу жылында 9 сыныпты 142 білім алушы аяқтаса, 11 сыныпты 54 білім алушы аяқтады. 9 сыныптар бойынша үздіктер саны -6, үздік аттестатқа үміткерлер саны-4. 11 сыныпта үздіктер саны -5, алтын белгіге үміткерлер саны-3, үздік аттестатқа үміткерлер саны -2. Жылдық қорытындыға сәйкес 9 сыныптардың білім сапасы 64%, үлгерім 100%, ал 11-сыныптарда білім сапасы 65%, үлгерім 100%. Мектепішілік бақылау жоспарына сәйкес білім алушыларды қорытынды аттестаттауға дайындық деңгейін анықтау мақсатында тексеру тоқсан сайын жүргізіліп, нәтижесіне сараптама жасалып отырды.
Жалпы алғанда, соңғы үш жылдағы көрсеткіштер мектепте білім сапасын арттыру бағытындағы жұмыстардың нәтижелі екенін көрсетеді. Әсіресе негізгі және жоғары буын сыныптарындағы өсім оқушылардың білім деңгейінің тұрақты жақсарғанын дәлелдейді. Алдағы оқу жылында білім сапасын 70 пайызға жеткізу, үлгерімі төмен оқушылармен жұмысты күшейту және жоғары нәтижеге қол жеткізген тәжірибелерді тарату негізгі міндеттердің бірі болып қала береді.
Дарынды балалармен жұмыс
Мектепте дарынды және талантты оқушылармен жұмыс «Ізденіс» ғылыми қоғамы арқылы ұйымдастырылды. Ғылыми қоғам жұмысы жоспарға сәйкес жүргізіліп, оқушылардың зерттеушілік дағдыларын дамытуға бағытталды.
Оқу жылы ішінде мектеп оқушылары түрлі деңгейдегі олимпиадаларға, ғылыми жобаларға, шығармашылық және спорттық жарыстарға белсенді қатысты.
Жетістіктердің үш жылдық салыстырмалы көрсеткіші:
2023-2024 оқу жылы | 2024-2025 оқу жылы | 2025-2026 | |
Халықаралық | - | ||
Республикалық | 386 | 379 | 641 |
Облыстық | 5 | 13 | 23 |
Қалалық | 58 | 81 | 84 |
Бұл көрсеткіштер дарынды оқушылармен жүргізілетін жұмыстың тиімділігін көрсетеді.
Пәндік олимпиадалар нәтижесі
Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың қалалық кезеңінде оқушылар жоғары нәтиже көрсетіп, 5–11 сыныптардан 34 оқушы жүлделі орын иеленді.
Облыстық кезеңде тарих, орыс тілі және ағылшын тілі пәндері бойынша жүлделі орындарға қол жеткізілді.
Ғылыми жобалар
Ғылыми жобалар конкурсында оқушылардың нәтижелері де көңіл қуантады.
9–11 сынып оқушылары арасында:
Тіл білімі секциясы бойынша Айтбек Кәусардың жұмысы қалалық кезеңде ІІ орын алып, облыстық кезеңде Алғыс хатпен марапатталды;
Химия секциясы бойынша Жексенбай Адияның ғылыми жобасы қалалық кезеңде ІІІ орын, облыстық кезеңде ІІ орын иеленді;
Математика секциясы бойынша Кенжебек Аяжанның ғылыми жұмысы грамотамен марапатталды.
Жалпы ғылыми жобалардың тақырыптары қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелерді қамтып, оқушылардың зерттеу мәдениетін қалыптастыруға ықпал етті.
2–7 сынып оқушылары арасында өткізілген «Зерде» республикалық зерттеу жобалары конкурсында мектеп оқушылары жақсы нәтиже көрсетті.Атап айтқанда:
Несіпбай Мұхамедәлидің «Особенности речи поколения Альфа» тақырыбындағы жұмысы қалалық кезеңде ІІ орын алды; Аманғали Диярдың «Құстардың көшу себептері» тақырыбындағы ғылыми жобасы қалалық кезеңде І орын, облыстық кезеңде ІІ орын иеленді.
Жас зерттеушілердің жұмыстары ғылыми талаптарға сай рәсімделіп, өзекті мәселелерді қамтыды. Бұл бастауыш және орта буын оқушылары арасында ғылыми-зерттеу мәдениетінің қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.
Бұл жұмыстар оқушылардың зерттеушілік мәдениетін қалыптастыруға және ғылыми ізденіске қызығушылығын арттыруға ықпал етті.
Шығармашылық жетістіктер
Оқушылар түрлі шығармашылық байқауларда белсенділік танытты.
Жыл бойында:
- эссе байқаулары;
- сурет байқаулары;
- хор байқаулары;
- робототехника сайыстары;
- этнографиялық көрмелер;
- зияткерлік конкурстар өткізілді.
Қалалық және облыстық деңгейлерде көптеген жүлделі орындарға ие болып, мектеп абыройын көтерді.
Спорттық жетістіктер
Мектеп оқушылары спорттық жарыстарда да жоғары нәтижелер көрсетті.
«Ұлттық мектеп лигасы» аясында:
- волейболдан ұлдар командасы – І орын;
- футболдан қыздар командасы – І орын;
- қол добынан қыздар командасы – І орын;
- қол добынан ұлдар командасы – ІІ орын иеленді.
Облыстық кезеңде де қыздар командалары футбол және қол добы бойынша чемпион атанды.
Бұл көрсеткіштер дене тәрбиесі пәні мұғалімдерінің жүйелі жұмысының нәтижесі болып табылады.
Тәрбие жұмысы
Тәрбие жұмысы «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы негізінде ұйымдастырылды.
Жыл бойында:
- патриоттық тәрбие;
- құқықтық тәрбие;
- экологиялық тәрбие;
- рухани-адамгершілік тәрбие;
- отбасылық құндылықтарды насихаттау бағытында іс-шаралар өткізілді.
Оқушылардың әлеуметтік белсенділігін арттыруға, құқық бұзушылықтың алдын алуға, қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған жұмыстар тұрақты жүргізілді.
Инновациялық жобалар
2025--2026 оқу жылында «Қамқор», «Еңбегі адал-жас өрен», «Балалар кітапханасы» , «Балалар кітапханасы», «Шабыт» , «Smart bala», «Ұшқыр ой алаңы», «Табысты тәжірибе», «Үздік сынып», «Тұрар Рысқұлов тұлғасы: тарих және тағылым» инновациялық жобалар жүзеге асырылды. Оқушылардың рухани-адамгершілік қасиеттерін қалыптастыру және әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында «Қамқор» жобасы жүзеге асырылып, қайырымдылық акциялары, еріктілік қозғалыстары және әлеуметтік маңызы бар іс-шаралар ұйымдастырылды.
Еңбекке баулу, кәсіптік бағдар беру және еңбекқорлық құндылықтарын дәріптеу мақсатында «Еңбегі адал – жас өрен» жобасы аясында түрлі кездесулер, шеберлік сабақтары мен танымдық шаралар өткізілді.
Оқушылардың оқу мәдениетін қалыптастыру және кітап оқуға қызығушылығын арттыру бағытында «Балалар кітапханасы» жобасы жүйелі жүргізілді. Жоба аясында кітап оқу челлендждері, әдеби кештер, кітап көрмелері мен оқырмандар конференциялары ұйымдастырылып, оқушылардың оқу белсенділігі артты.
Дарынды және шығармашыл оқушыларды қолдау мақсатында «Шабыт» жобасы жүзеге асырылып, оқушылардың өнер, әдебиет, шығармашылық және ғылыми бағыттағы қабілеттерін дамытуға мүмкіндік жасалды.
Оқушылардың цифрлық сауаттылығын, техникалық шығармашылығын және инновациялық ойлауын дамыту мақсатында «Smart Bala» жобасы аясында робототехника, бағдарламалау, цифрлық технологиялар және STEM бағытындағы жұмыстар жүргізілді.
Зияткерлік қабілеттерді дамытуға бағытталған «Ұшқыр ой алаңы» жобасы шеңберінде дебат турнирлері, пікірсайыс алаңдары, зияткерлік ойындар мен пәндік сайыстар өткізілді. Бұл жұмыстар оқушылардың сыни ойлау, шешендік өнер және көшбасшылық дағдыларын дамытуға ықпал етті.
Педагогтердің кәсіби шеберлігін арттыру және үздік тәжірибелерді тарату мақсатында «Табысты тәжірибе» жобасы іске асырылды. Жоба барысында ашық сабақтар, шеберлік сыныптары, коучингтер мен тәжірибе алмасу алаңдары ұйымдастырылып, ЖИ мүмкіндіктерін қолдану бойынша мұғалімдердің кәсіби құзыреттіліктерін жетілдіруге ықпал етті..
Оқушылардың білімге деген ынтасын арттыру және ұжымдық жауапкершілікті қалыптастыру мақсатында «Үздік сынып» жобасы жүргізілді. Жоба нәтижесінде сыныптар арасында салауатты бәсекелестік қалыптасып, оқу-тәрбие жұмыстарының сапасы артты.
Мектептің атауына ие болған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерінің өмірі мен қызметін насихаттау мақсатында «Тұрар Рысқұлов тұлғасы: тарих және тағылым» жобасы жүзеге асырылды. Жоба аясында ғылыми-практикалық конференциялар, дөңгелек үстелдер, танымдық кездесулер мен тәрбие сағаттары өткізіліп, оқушылардың тарихи танымы мен отансүйгіштік қасиеттерін дамытуға ықпал етті.
Жалпы алғанда, аталған инновациялық жобалардың жүзеге асырылуы білім алушылардың танымдық белсенділігін арттыруға, олардың шығармашылық, зерттеушілік және әлеуметтік құзыреттіліктерін дамытуға, сондай-ақ педагогтердің кәсіби әлеуетін жетілдіруге оң әсерін тигізді. Бұл жобалар мектептің білім беру және тәрбие беру жүйесін жаңғыртуға бағытталған жұмыстардың маңызды құрамдас бөлігіне айналды.
Қорыта айтқанда, 2025–2026 оқу жылы мектеп ұжымы үшін нәтижелі болды. Кадрлық әлеует нығайып, педагогтердің кәсіби дамуы жалғасты. Оқушылардың білім сапасы мен олимпиада, ғылыми жоба, шығармашылық және спорттық жарыстардағы жетістіктері артты.
Алдағы оқу жылында:
- білім сапасын көтеру;
- олимпиада және ғылыми жобалардағы нәтижелерді жақсарту;
- педагогтердің кәсіби шеберлігін арттыру;
- цифрлық технологияларды тиімді қолдану;
- оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту бағытындағы жұмыстар жалғастырылатын болады.
Мектептің барлық жетістіктері – педагогтердің, ата-аналардың және білім алушылардың бірлескен еңбегінің нәтижесі. Осы орайда оқу жылы бойы аянбай еңбек еткен әріптестеріме алғысымды білдіремін.
Назарларыңызға рақмет!