25
мамыр
2021
2020-2021 оқу жылының аяқталуымен шын жүректен құттықтаймыз!
Құрметті ұстаздар, оқушылар, ата – аналар! 2020-2021 оқу жылының аяқталуымен шын жүректен құттықтаймыз!
Қазіргі таңда әлемде болып жатқан пандемияға байланысты карантиндік шектеулер қойылып, оқушыларымыз онлайн, офлайн режимде оқытылып, білім саласында да түрлі өзгерістер болды. Бұл жағдай ұстаздарға үлкен міндеттер жүктеді, қашықтан оқыту- білім алушылар мен ата-аналарға да оңай болған жоқ.Сол қиындықтың бәрін бірлесе еңсеріп келеміз. Қазақстанның білім беру жүйесінің алдына оқытудың қазіргі уақыттағы әдістері мен бағдарламаларын меңгеру, оқыту сапасын арттыру, сұранысқа ие білім мен дағдыларды беру, функционалдық сауаттылықты дамыту міндеті қойылған. Мұның барлығы мұғалімдерден үлкен жауапкершілік пен біліктілікті, цифрлық сауаттылықты талап етеді.
Әр мектепте соңғы қоңырау мерекесі – бұл мектеп тарихына енетін көңілді әрі қуанышты сәт. Түлектер өздерінің он бір жыл білім алған алтын ұяларымен қоштасса, ұстаздар өздерінің сүйікті шәкірттерін өмірге қанаттандырады. Мектеп бітіруші түлектеріміздің ішінде жаңа жетістіктері айтылған бірнеше облыстық, республикалық байкауларда жүлделі орындарды иеленген дарынды оқушыларымыз бар. Атап айтсақ, Бекболатова Жанел, Дархан Аружан, Сабырбаева Айым,Үсенов Темірлан, Мамыт Аяулым, Айтқұл Балым, Жақсыбек Ақерке, Болатбек Ерасыл, Шайділда Ұлдана. Бұлар - біздің мақтаныштарымыз. Мектеп жетістігіне үлес қосқан барлық дарынды, үздік, өнерлі шәкірттеріміздің ата-аналарына үлкен алғысымды білдіремін. Бала тәрбиесі мен біліміне ерекше көңіл бөлген ата-ана ертең ұрпағымен мақтанады. Ұл мен қыздарыңыз сіздер мен біздердің үмітімізді ақтасын.
Биылғы оқу жылында мектеп бітіруші түлектерге ҰБТ-да грантты жеңіп алуға мамыр –маусым айларында 2 мүмкіндік беріліп отыр, түлектердің 46-сы ,яғни 92 пайызы ҰБТ тапсыруда, грантқа үміткерлер. Алдағы қорытынды аттестаттау мен өтіп жатқан Ұлттық Бірыңғай Тестілеуде жоғары нәтижеге қол жеткізіп, білімнің биік шыңынан көрінулеріңе тілектеспін.








