11
мамыр
2020
#Педогог күнделігі

#Педогог күнделігі
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Көшбаева М.Қ.
Біз біргеміз!
Елімізде тараған пандемияға байланысты Қазақстан аумағында төтенше жағдай жарияланғандықтан, барлық білім беру мекемелері мен оқу орындары қашықтықтан оқуға көшті. Тек оқушылар мен ұстаздарға ғана емес, сонымен қатар ата-аналар қауымына да таңсық форматтағы онлайн оқу әдісі алғашында көңілге күдік ұялатқаны рас. Оқушылардың қашықтықтан білім алуы - тек олар үшін ғана емес, қоғам үшін де жаңаша өзгеріс болды.
Қашықтықтан оқыту – білім берудің ақпараттық және телекоммуникациялық технологиялардың көмегімен жүзеге асырылатын арнайы түрі. Қашықтықтан оқыту технологиясын қолдануда оқытушының атқарар рөлі өте зор, себебі оқытудың бұл түрі мұғалімнің біліктілігін көтеріп қана қоймайды, сонымен қатар, оқушының өз бетімен білім алуын қалыптастырады, ата-аналардың жаңа технологияға деген көзқарасын өзгертеді.
Білім және ғылым министрлігінің үйлестіруімен сәуірдің 6-нан бастап төртінші тоқсанның бейнесабақтары “Bilim Media Group” компаниясының дайындауымен республикалық “Ел арна” және “Балапан” арналарында сабақ кестесіне сәйкес көрсетілуде. Тақырыптарға сәйкес түрлі видеосабақтар мен баланың танымдық көкжиегін кеңейтетін түрлі тапсырмалар балалардың тақырыпты одан да жақсы меңгеруіне мол септігін тигізеді деп ойлаймын. Білім ресурстарының қайсысы ыңғайлы, тиімді екеніне көз жеткізу мақсатында көктемгі демалыс кезінде де ұстаздар қауымы сынама сабақ ретінде « ZOOM» платформасы, WhatsApp желісі арқылы сабақ өткізді. Оқушылар зор қызығушылықпен қатысты, алайда интернет желілерінің тым баяулығы әсерінен оқушылар да, ата-аналар да бірыңғай WatsApp желісі мен Күнделік.kz платформаларын таңдады.
Білім ресурстарының ішінде маған сабақ жоспарларын жасауда, қосымша ақпарат алу кезінде , әдіс-тәсіл алмасуда ең тиімді де қолайлысы – «Bilimland» және «Dаryn. Online» білім платформалары болып табылады. Онлайн мектеп ресурсы бойынша жүйелі құрылған сабақ жоспарлары, видеосабақтар, өтілген тақырыпқа байланысты деңгейлік тапсырмалар, өзін-өзі тексеру тапсырмалары баланың өз білімін тексеріп қана қоймай, пысықтап, нақтылай түсуге мол мүмкіндік берсе, тест тапсырмалары тақырыпты қорытындылағанға өте тиімді.
Мұғалімдерге қашықтықтан білім берудің тиімді жолдары туралы мектебіміздің әкімшілік тарапынан әдістемелік көмек көрсетіп, түсіндіру жұмыстары ұдайы жүргізіліп отырды.Одан бөлек Педагогикалық шеберлік орталығының Тараз қаласындағы филиалының тренерлері осы қашықтықтан оқыту жөнінде көп қолдау көрсетуде. Жиынтық бағалау тапсырмаларын құрастыру, оны білім алушылармен өткізу бойынша әдістемелік көмек көрсету мақсатында вебинар ұйымдастырып, білім алушылардың тоқсан бойынша меңгеруге тиіс оқу мақсаттарына жету жолдары туралы әдістемелік көмек көрсетті. Сандық ресурстарды тиімді қолданудың практикалық тәсілдері біраз мәселені шешіп берді.
Менің бір байқағаным, қазіргі уақытта ұстаздарға стандартты білім жүйесіндегіден де қатал талап пен жауапкершілік жүктелгендей, өйткені бала күнделікті қарсы алдыңда отырмағандықтан, мейлінше түсінікті, қызықты, қарапайым етіп өткізудің жолдарын іздестіресің. Мен уақытты тиімді пайдалану үшін сабаққа қатысты мәлімет, тапсырмаларды, ережелерді слайд түрінде жасап алып, уатсап желісі арқылы жіберемін. Тақырыпқа қатысты бейнематериалдарды ықшамдап, нақты қажеттісін жіберемін. Оқушылар орындаған тапсырмаларын әр сыныпқа ашылған өздерінің арнайы чаттарына жіберіп отырады.Оқушы тарапынан, мұғалім тарапынан берілген кері байланысты жазбаша түрде WhatsApp желісі арқылы, Күнделік KZ.арқылы жасап отырамын.Орташа және барынша қолдауды қажет ететін оқушылармен жеке парақша арқылы байланысқа түсіп, түсіндіріп,кері байланыс жасап, қалыптастырушы бағалау түрлерімен мақтап-мадақтап отырамын.
Осы тұста карантин кезін пайдаланып, баласының болашағына бей-жай қарамайтын ата-аналарға да алғысымды айтқым келеді, балаларының сабағына көмектесіп қана қоймай, дарынды балаларының қашықтық байқауларға, челлендждерге қатысуына атсалысып, қолдау көрсетіп отыр.
Шәкірт бойындағы табиғи дарын ұшқындарын сөндіріп алмай, творчестволық еңбек үстінде оған қанат бітіру, білімге шексіз құштарлық дәнін себу – ұстаз қызметінің тағлымды өлшемі, ізденіс нәтижесі. Ұстаздық дарын үздіксіз ізденіс көрігінде шыңдалады , сол кезде шәкірт нағыз тұлғаға айналады, ал оқушы санасында ұстаз қалдырған із ұзақ сақталмақ. Ұстаз үшін бақыт – алдындағы шәкіртінің қияға қанат қағып, елінің азаматы болған сәті. Ендеше, бүгінгі білім мен біліктіліктің бәсекелес заманында ұландардың биіктен көрінуіне күнделікті істегі жаңашылдық пен жан-жақты берген тәрбиеміз арқылы қол жеткізейік. Оны мүлтіксіз атқаратын да өз кәсібіне шын берілген, өз мамандығының шебері – мұғалім!
Опубликовано Т.Рысқұловом Қырық Сегіз Омом Понедельник, 11 мая 2020 г.