22
сәуір
2022
ЕСТІ ЕНЕ МЕН КӨРГЕНДІ КЕЛІН
ЕСТІ ЕНЕ МЕН КӨРГЕНДІ КЕЛІН
Ұлы Жеңістің 77 жылдығына және Ардагерлер ұйымының құрылғанына 35 жыл толуына орай "Есті ене мен көргенді келін" атты қалалық сайысқа мектебіміздің директоры Абдешова Айжан Ақтілеуқызы мен келіні Диана қатысып, бас жүлдені жеңіп алды. Байқаудың шарттарына сай таныстыру бөлімінде ауыл жастары, абысын-ажын әуендетіп, домбыра, баян, гитара, сырнай, дауылпазбен суйемелдеп, өнегелі ене мен инабатты келінді зор қошаметпен сахнаға алып шықты. Ене мен келіннің жанды дауыста әзілі жараскан таныстыруы өте жарасымды болды. Сахнаға қадамын иiлiп көпшілікке салем салудан бастаған Диана келіннің iлтипаты жас келiндерге үлгі боларлыктай. Таныстыру барысында отбасылық күнделікті тыныс-тіршілік, ене мен келіннің күбі пісіп, келі түйіп, кесеуді қолына алып, таба нан көміп жатқаны бейнеролик арқылы көрсетілді. Отбасылық құндылықтарға сай салт-дәстүр, жөн-жоралғылар туралы білімдері сұрақ - жауап бөлімінде сынға алынып, одан да сүрінбей өтті. Көрсе көз тоярлықтай ене мен келіннің салт-дәстүрді дәріптеуі де ерекше болды. Қолөнер бөлімінде түрлі моншақтардан қазақтың ұлттық әшекей бұйымдары мен киімдерін-өніржиек, сәукеле , бешпет, қажекейді өрнектеп, осы қолөнер бұйымдарынан сән үлгісінде көрсетілім жасады. Өнер бөлімінде улкен әженің ауылына келінімен той бастар әнін айтып, шашуын шашып барған Айжан Ақтілеуқызы "Қазақ қызы" әнін әсем даусымен әуелете салып, осы әннің ырғағымен мың бұралган Диана келін нақышына келтіре би биледі. Әжелерімізден қалған ұлттық құндылықтарымызды, дәмді ас-тағамдардың дайындау жолдарын бейнеролик аркылы көрсетті. А.Ақтілеуқызы мен Диана келіннің түйе сауып, балқаймақ дайындағынына барша жұрт тамсана қарады. Өз қолдарымен ұлттық тағамдарымызды: бесбармақ, ірімшік, құрт, шұбат даярлап әкеп, жиналған қауымға ұсынды. Осындай тағылымы мол, тәрбиелік мәні терең игi бастамалар жалғасын таба берсін, ұйымдастырушыларға үлкен алғыс білдіреміз.



